Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы жолдауында еліміздің тірегі – жастар мәселесіне жете мән бергендігімен аса маңызды болды. «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек екендігін тілге тиек етіп, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады!
Осыған орай, дәстүрге айналған «Жыр алыбы – Жамбылым» атты облыстық жас ақындар айтысы ұйымдастырылып, өткізілді.
Қазақ жұрты – жаратылысынан шешендік өнерге бейім халық. Оның қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, қомақты ойлары жөнінде тек өзіміз ғана емес, өзгелер де таңдай қағып айтуда.
Айтыстың ашылу салтанатында «Бұқаралық – ұйымдастыру» бөлімінің «Драма» студиясы оқушылары Жамбыл бабамыздың өлеңдерін оқып, «Бозторғай» үлгілі ән – би ансамблі қазақша би билеп, салтанатты түрде ашып берді. Іс – шара барысында орталықтың директоры Ш.Кашкинова жас ақындарға ізгі ниетін білдіріп, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Ақындардың жалын атқан өткір сөздерін сарапқа салып, бағасын берген қазылар алқасы төмендегідей болды. Олар:
- Жамбыл облыстық қазақ драма театрының бөлім меңгерушісі, ақын, драматург – Пірманов Сәнтөре;
- Айтыскер ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі – Қамбатыров Ербол;
- «Ақ жол» газетінің тілшісі, Халықаралық, Республикалық айтыстардың жүлдегері – Есет Досалы.
Облыстық айтысқа Жамбылдан кейін жыр жұлдызын жарқырататын, халық алдында ақындыққа мандат алатын – облысымыздың аудандарынан 13 жас ақындар қатысып, жүлделі орындарыға ие болды. Олар:
- Т.Рысқұлов ауданы –Сәрсенбаева Жансая Бақтыбайқызы – «Бас жүлде» иегері;
- Байзақ ауданы –Искаков Сабит – І орын;
- Т.Рысқұлов ауданы – Нұрлан Нұргерім – ІІ орын;
- Жуалы ауданы – Асқар Аяжан – ІІ орын;
- Тараз қаласы –Айтбек Әділ – ІІІ орын;
- Меркі ауданы – Көшеров Әдділет – ІІІ орын;
- Шу ауданы – Орын Ерлан Қанатұлы – ІІІ орын.
Облыстық айтыстың қорытындысы бойынша Бас жүлде және І орын иегерлері ақпан айының 21-23 күндері Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында өтетін Республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» тақырыбындағы жас ақындар айтысына жолдама алды.
Байқау соңында айтысқа қатысқан барлық қатысушылар мен айтысқа шәкірт баптап, ақын дайындағаны үшін жетекшілерге және де айтыстың жоғары деңгейде өтілуіне үлес қосқан қазылар алқаларына алғыс хаттар тапсырылды.
